Мазмұнға өту
qandastar.

Air Astana ұшағы қозғалтқыш ақауына байланысты Ақтөбеге шұғыл қонды

Бақытжан Мұса · · 885 қаралым
Air Astana ұшағы қозғалтқыш ақауына байланысты Ақтөбеге шұғыл қонды

Көлік министрлігі Астана – Франкфурт бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе рейсіне қатысты оқиғаның мән-жайын жариялап, тергеу басталғанын хабарлады, деп жазады Qandastar.kz.

Министрліктің Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, 8 мамыр күні KZR921 рейсін орындаған EI-KGJ тіркеу нөмірлі Airbus A321 ұшағында авиациялық оқиға тіркелген. Ұшақ Астана әуежайынан көтерілгеннен кейін экипаж қозғалтқыштардың бірінде ақау шыққанын байқап, PAN-PAN шұғыл дабылын берген. Осыдан кейін экипаж Ақтөбе қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.

Ұшақ бортында 93 жолаушы болған. Олардың арасында 4 бала мен 1 нәресте бар. Сондай-ақ әуе кемесінде экипаждың 9 мүшесі болған.

Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақытпен сағат 11:34-те штаттық режимде сәтті қонды. Министрлік мәліметінше, экипаж барлық әрекетті нұсқаулыққа сәйкес орындаған. Қонғаннан кейін ұшақ тұрақ орнына өз күшімен жеткен.

Оқиға кезінде әуежайдың авариялық-құтқару қызметтері мен жерүсті мамандары жұмылдырылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға ұшақтың күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен әуе кемесіне келтірілген зақым туралы ақпарат жоқ.

Бұл жағдай ауыр авиациялық инцидент ретінде тіркеліп, оны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті тексеретін болды. Алғашқы тексеру жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына департамент қызметкері жіберіледі.

Бұған дейін Германияға бағыт алған Air Astana ұшағы Ақтөбеге шұғыл қонуға мәжбүр болғаны хабарланған еді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp