Air Astana әуе компаниясы ұшақ бортында жоғары жылдамдықты спутниктік интернет қызметін іске қосты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Жолаушылар 2027 жылғы 31 қаңтарға дейін Wi-Fi желісін тегін пайдалана алады.
Жаңа технология орнатылған алғашқы Airbus A321LR ұшағы 29 қазанда Алматы–Ташкент бағыты бойынша интернет қосылған алғашқы рейсін орындады.
Жоба SES халықаралық спутниктік байланыс компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Жабдықты әуе компаниясының өз техникалық мамандары орнатқан. Жұмысқа Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Көлік министрлігі де қолдау көрсетті.
Интернет кімдерге тегін болады?
Қазір әуе кемесіндегі барлық жолаушыға Wi-Fi қызметі тегін ұсынылады. Алайда бұл мүмкіндік ұзаққа созылмайды.
2027 жылғы 1 ақпаннан бастап интернетке тегін қосылу құқығы бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебесі бар мүшелеріне беріледі.
Ал Nomad Club бағдарламасының барлық деңгейіндегі қатысушылар хабарлама алмасу қызметтерін тегін пайдалана алады. Қалған жолаушыларға интернет пакеттерін сатып алу қажет болады.
Жаңа жүйе басқа ұшақтарға да орнатылады
Air Astana Airbus A321LR ұшақтарының барлығын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтауды жоспарлап отыр. Жұмыстар 2027 жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, әуе кемелерінде спутниктік интернетті енгізу үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленіп, халықаралық серіктестермен бірлескен жұмыс жүргізілген.
Air Astana бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел жаңа қызмет жолаушыларға ұшу кезінде интернетті пайдалануға, байланыста болуға және сапарды жайлы өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.