Мазмұнға өту
qandastar.

«Ақ жол» фракциясы медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты тексеру жүргізуді ұсынды

Бақытжан Мұса · · 18 қаралым
«Ақ жол» фракциясы медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты тексеру жүргізуді ұсынды

«Ақ жол» фракциясы 2027 жылға арналған медициналық бұйымдарды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мәселесіне назар аударды. Депутаттардың айтуынша, сатып алуға қатысу кезінде отандық өндірушілерге қойылатын талаптардың біркелкі қолданылмауына байланысты сұрақтар туындаған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Аталған сатып алу 2026 жылғы 26 маусымда жарияланып, 223 лоттан тұрған. Фракция өкілдерінің пікірінше, жекелеген тауарлар бойынша Қазақстанда өндірілген өнім мәртебесін растауға қойылатын талаптар барлық қатысушыға бірдей қолданылмай отыр.

Депутаттар мұндай жағдай отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатқа кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Олардың айтуынша, өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуге инвестиция салған компаниялар өзге қатысушылармен салыстырғанда қолайсыз жағдайға түсіп отыр.

Сондай-ақ фракция кәсіпкерлердің «СҚ-Фармацияның» әрекетіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Бас прокуратураға жолдаған шағымдарының қайтадан шағым жасалған ұйымның өзіне қарауға жіберілуіне алаңдаушылық білдірді.

Депутаттар мұндай жағдайда ведомствоаралық хат алмасумен шектелмей, объективті тексеру жүргізіп, нақты мән-жайларды анықтау қажет деп санайды. Егер заң бұзушылықтар расталса, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылуы тиіс.

«Ақ жол» фракциясы уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, «СҚ-Фармация» тарапынан отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қойылатын талаптардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету, сатып алуға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беру, 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алудың заңдылығын тексеру және шағымдарды шағым жасалған ұйымдардың өзіне қайта жолдауға жол бермеу ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде құжаттарды қолдан жасау, «қосып жазу» және ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері анықталғанын айтқан болатын. Мемлекет басшысының мәліметінше, 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласына 7,8 триллион теңге бөлінген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp