Мазмұнға өту
qandastar.

Әкімшілік айыппұлдары кешірілген қазақстандықтарға SMS-хабарлама жіберіледі

Бақытжан Мұса · · 970 қаралым
Әкімшілік айыппұлдары кешірілген қазақстандықтарға SMS-хабарлама жіберіледі

Рақымшылық аясында әкімшілік айыппұлдары жойылатын қазақстандықтарға бұл туралы SMS-хабарлама арқылы ақпарат беріледі. Бұл жөнінде Мәжілісте заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.

Қазіргі уақытта Мәжілісте «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер қаралып жатыр.

Талқылау кезінде депутат Олжас Нұралдинов әкімшілік жауапкершілікке түрлі мемлекеттік органдар тартатынын атап өтіп, заң қабылданған жағдайда айыппұлдарды есептен шығару тәртібін нақтылады. Ол азаматтардың мемлекеттік органдарға өздері жүгінуі қажет пе, әлде рәсім автоматты түрде жүргізіле ме деген сауал қойды.

Санжар Әділовтің айтуынша, әкімшілік рақымшылық Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де алғаш рет жүзеге асырылмақ. Оның сөзінше, айыппұлдарды есептен шығару процесі Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі арқылы автоматтандырылған тәртіппен жүргізіледі.

Алдымен Құқықтық статистика комитеті қажетті мәліметтерді қалыптастырады. Кейін төленбеген айыппұлдарды есептен шығару туралы қаулы жобасы әзірленіп, уәкілетті лауазымды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен бекітіледі. Одан соң құжат сот орындаушыларына жолданып, айыппұлдар атқарушылық іс жүргізу тәртібімен автоматты түрде жойылады.

Министрдің орынбасары азаматтар бұрын айыппұл салынғаны туралы хабарламаларды SMS арқылы алғандай, рақымшылық нәтижесінде айыппұлдарының есептен шығарылғаны жөнінде де SMS-хабарлама алатынын жеткізді.

Бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға байланысты әкімшілік рақымшылық жүргізу жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Рақымшылық аясында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану секілді құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар мен олардың өсімпұлдарын кешіру мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін мәлімдеген еді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp