Ақмола облысының Целиноград ауданында орналасқан суға толы карьерде қайғылы оқиға болды. Отбасылық демалыс кезінде екі кәмелетке толмаған қыз мінген жеңіл автокөлік суға сырғып кетіп, салдарынан олар көз жұмды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, белгісіз себептермен автокөлік жағалаудан төмен сырғып, суға құлаған. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Ақмола облысы мен Астана қаласының ТЖД құтқарушылары жедел түрде оқиға орнына жеткен. Ол кезде аумақта полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатқан.
Құтқарушылар су түбінен көлікті шығарып, оның ішінен екі қыздың мәйітін тапқан. Қазір қайғылы жағдайдың нақты себептері анықталып жатыр. Тергеу амалдарын облыстық полиция департаменті жүргізуде.
Sinegor.kz порталының мәліметінше, қаза тапқан балалар туған әпкелі-сіңлі болған. Олардың жасы 8 және 12-де.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 11 шілдеде отбасы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су айдынының жағасында демалған. Таңертең шомылып шыққаннан кейін қыздар киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке отырған. Осы кезде автокөлік өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға құлаған.
Балалардың әкесі оларды құтқаруға әрекеттенгенімен, көліктің есігін аша алмай, терезесін де сындыра алмаған. Соның салдарынан көлік қысқа уақыт ішінде толықтай су астына кеткен.