Ақмола облысының бірнеше ауданында құрғақ өсімдіктің жану деректері тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Өрттер Ерейментау, Біржан сал, Целиноград, Қорғалжын, Ақкөл аудандарында және Степногорск қаласына қарасты Изобильное ауылында болған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өртті сөндіруге құтқарушылармен бірге орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, шаруа қожалықтары, «Ауыл құтқарушылары» және «Қазавиаорманқорғау» бөлімшелері жұмылдырылды.
Жедел әрі үйлесімді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде барлық өрт ошақтары толықтай сөндірілді. Жалын шарпыған жалпы аумақ 273,06 гектарды құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына белгісіз адамдардың отпен абайсыз әрекет етуі себеп болған.