Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Аршалы ауданының тұрғынына қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы істі қарады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында ер адам анасының үйінде жиенімен ұялы телефонның бұзылуына байланысты жанжалдасқан.
Жиені полиция шақырғанымен, жанжал басылған соң анасы тәртіп сақшыларынан ұлына қатысты шара қолданбауды өтінген.
Алайда полиция кеткеннен кейін күдікті ашуға мініп, ас үйдегі балта-пышақпен үйде болған адамдарға шабуыл жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі егде жастағы адам оқиға орнында қаза тапқан.
Сот мәліметінше, ер адам бұған дейін де сотталған. Ол 2023 жылдан бері «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатрдың есебінде тұрған. Сараптама қорытындысы бойынша, қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекетіне есеп бере алмайтын психикалық жағдайда болған әрі қазіргі таңда да тергеу мен сотқа қатысуға қабілетсіз деп танылған.
Сот оның қоғамға қауіпті әрекет жасағаны толық дәлелденгенін атап өтті. Осыған байланысты күдікті қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасы тағайындалды.