Ақмола облысындағы Державинск кентінің тұрғындары әлеуметтік осал топтарға арналған жаңа үйлердің сапасына шағымданды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК арнасына сілтеп хабарлады.
Тұрғындардың айтуынша, пайдалануға берілгеніне бір жыл енді толған баспаналардың шатырынан су ағып, едендері ісініп, қабырғаларын көгеру басқан. Жаңбыр жауған кезде су үйдің ішіне дейін кіретін көрінеді.
Кент тұрғыны Ирина Лысенко алғашында үйлердің жағдайы жақсы болғанын, алайда тамыз айынан бастап түрлі мәселе туындағанын айтты. Оның сөзінше, линолеум астына су жиналып, үйде тұру қиындаған. Тұрғындар аудан әкімдігінен баспананы ауыстыруды сұрағанымен, мәселе толық шешілмеген.
Телеарна мәліметінше, шатырдағы ақаулар әлі күнге дейін жойылмаған. Мердігер компания жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, көгерген жерлер сол күйі қалған. Сонымен қатар ғимараттың сыртқы қаптамасы да бүлінген.
Жергілікті әкімдік үйлерде ақау барын растады. Алайда олардың айтуынша, барлық шағым негізсіз емес. Қазір 10 пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және оны ай соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Мердігер компания өкілдері сапалы жөндеу үшін қолайлы ауа райын күткендерін айтып, шатырды толық жөндегеннен кейін үй ішіндегі кемшіліктерді қалпына келтіруге кірісетіндерін мәлімдеді.