Ақмола облысы аумағында кене шағып, вирустық энцефалит жұқтырған 17 жастағы жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа «кене вирустық энцефалиті» диагнозы қойылған.
Мамандар жасөспірімнің өмірін сақтау үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, «17 жастағы науқасқа кене вирустық энцефалиті диагнозы қойылған. Жансақтау бөлімінде жатыр. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, сана деңгейі бұзылған деп бағалануда».
Кене энцефалиті — орталық жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті вирустық ауру.
Дәрігерлер табиғат аясында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады: ұзын жеңді, ашық түсті киім кию, шалбар балағын шұлыққа салу және ашық жерлерді толық жабу маңызды. Сонымен қатар, табиғаттан кейін денені мұқият тексеру қажет.