АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 26 маусым күні кешке Ирандағы бірнеше әскери нысанға әуе соққысын жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
АҚШ тарапының мәліметінше, шабуылға 25 маусымда Ормуз бұғазы арқылы жүзіп бара жатқан Сингапурдың Ever Lovely жүк кемесіне камикадзе-дронмен жасалған шабуыл себеп болған. Вашингтон бұл әрекетке Иранды жауапты деп санайды.
Әуе соққылары Иранның зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сақталған қоймаларына, сондай-ақ жағалаудағы радиолокациялық бекеттеріне бағытталған. PBS News мәліметінше, операцияға АҚШ Әуе күштерінің алты ұшағы қатысып, Сирик қаласы маңындағы төрт нысанға соққы жасаған.
АҚШ әскери өкілдері Иранның әрекеті атысты тоқтату режимін бұзып, халықаралық теңіз қатынасының қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін мәлімдеді. Ал Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды бітім шартын бұзды деп айыптағаннан кейін әскери операция жүргізуге шешім қабылдаған.
Өз кезегінде Иран әскері Таяу Шығыста орналасқан АҚШ күштерінің бірнеше нысанына жауап соққыларын жасағаны хабарланды. Алайда ресми Тегеран Ормуз бұғазындағы жүк кемесіне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.
Еске салайық, АҚШ пен Иран 18 маусымда әскери іс-қимылды 60 күнге тоқтату және қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы келісімге келген болатын. Ал 17 маусымда тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, онда Ормуз бұғазындағы қауіпсіздік пен екі елдің бір-бірінің егемендігін құрметтеу қағидаттары қамтылған.