Мазмұнға өту
qandastar.

АҚШ өтінішінен кейін Украина Новороссийскідегі мұнай танкерлеріне шабуылдарды тоқтатты

Бақытжан Мұса · · 24 қаралым
АҚШ өтінішінен кейін Украина Новороссийскідегі мұнай танкерлеріне шабуылдарды тоқтатты

Украина Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск порты арқылы мұнай тасымалдайтын танкерлерге дронмен шабуыл жасауды уақытша тоқтатты. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл шешім АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін қабылданған. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, АҚШ бұл өтінішті өткен айда білдірген. Вашингтон Украина шабуылдары мұнай нарығындағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп, Қазақстан мұнайын Каспий құбыр консорциумы (CPC) арқылы Новороссийск терминалына жеткізетін танкерлерге әсер етіп жатқанын алға тартқан. Сондай-ақ мұндай жағдайдың америкалық мұнай компанияларының қызметіне де кері ықпал ететіні айтылған.

Келісімге сәйкес, Украина Ресейге қатысы жоқ, санкцияға ілікпеген және ресейлік мұнай немесе жүк тасымалдамайтын кемелерге соққы жасамауға уағдаласқан.

Соңғы айларда Украина Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдарын күшейтті. Киев бұл әрекеттердің мақсаты Ресейдің әскери операцияларын қаржыландыру мүмкіндігін шектеу екенін мәлімдейді.

Төрт дереккөздің хабарлауынша, шілде айында Қара теңіздегі дрон шабуылдары Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын мұнай көлемінің шамамен бестен бір бөлігіне әсер еткен. Соның салдарынан Қазақстан мен Батыстың ірі мұнай компанияларының экспорттық жеткізіліміне де кері ықпал тиген.

Қазақстан мұнай экспортының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады. Мәліметтерге сәйкес, шілде айында елдегі мұнай өндірісі маусыммен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Қазақстанда жұмыс істейтін ірі халықаралық мұнай компанияларының қатарында Chevron және Exxon Mobil бар.

Еске салсақ, 23 шілдеде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, өндіріс көлемі азайған болатын. Ал 27 шілдеде терминалдың мұнай қабылдауды қайта бастағаны хабарланған еді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp