Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ аймақтағы әрекеттерін тоқтатпаған жағдайда Ормуз бұғазын толық жабу туралы мәлімдеді. Бұл жағдай аясында АҚШ әскері бір апта ішінде үшінші рет Иран аумағына соққы жасаған. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, әскери операцияға Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан Кипр туындағы контейнер тасымалдаушы кемеге жасалған шабуыл себеп болған. Вашингтон өкілдерінің айтуынша, шабуылдан кейін кемеде өрт шығып, қозғалтқыш бөлігі зақымданған және экипаж мүшелерінің бірі жоғалып кеткен.
Алайда Иран тарапы бұл оқиғаға басқа түсініктеме берді. Тегеранның мәлімдеуінше, кеме белгіленген талаптарды бұзып, транспондерін өшірген және теңіз қауіпсіздігіне қатер төндірген. Иран өкілдері кеме ескерту ретінде оқ атылғаннан кейін тоқтатылғанын айтты.
Осыдан кейін АҚШ Иранның Ормуз бұғазындағы азаматтық және коммерциялық кемелерге қауіп төндіру мүмкіндігін азайту мақсатында әскери соққылар жасағанын мәлімдеді.
АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет әлеуметтік желідегі жазбасында Иранның әрекеті үшін жауап беретінін атап өтті. Ал Ирандық Press TV телеарнасы Тегеранның жауап ретінде Таяу Шығыстағы америкалық нысандарға шабуыл жасағанын хабарлады.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы келісімнің бұзылғанын мәлімдеген болатын. Ал Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи АҚШ-ты өзара түсіністік туралы меморандум талаптарын орындамады деп айыптады.