АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында әйелдің кішкентай қызын аштықтан өлтіргені анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Oxu.Az басылымының New York Post-қа сілтеме жасап хабарлауынша, әйел балаларға қатыгездік көрсету айыбымен қамауға алынған. Тергеу мәліметінше, ол екі қызын бір жылдан астам уақыт бойы дәрігерге көрсетпеген.
Балалар негізінен йогурт пен пюремен ғана қоректеніп келген. Соның салдарынан олардың тәуліктік калория мөлшері шамамен 250 калориядан аспаған.
1,5 жастағы қыз ауруханаға жеткізілген кезде салмағы небәрі 4,5 келі болған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ол көз жұмды. Ал оның 3 жастағы әпкесінің салмағы 7,7 келі болып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Сондай-ақ дәрігерлер екі баланың да дамуында айтарлықтай кідіріс бар екенін анықтаған. Туыстарының айтуынша, анасы бірнеше жыл бұрын отбасымен байланысын үзген.
Айта кетейік, бұған дейін Нидерландыда заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін 12 жасқа дейінгі балаға қатысты эвтаназияның алғашқы жағдайы тіркелгені хабарланған болатын.