Фото: ашық дереккөз
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда өлім жазасын қайта қолдануға мүмкіндік беретін арнайы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды qandastar.kz.
Ақ үй таратқан ақпаратқа сәйкес, құжат Бас прокурор мен федералдық прокурорларға аса ауыр қылмыстар үшін ең қатаң жаза сұрауды міндеттейді.
Меморандумда егер айыптыны кінәлі деп тануға жеткілікті дәлел болса, прокурорлар өлім жазасын талап етуге тиіс екені көрсетілген. Сондай-ақ, өлім жазасын қарастыруға болатын барлық істерде федералдық юрисдикцияны кеңінен пайдалану тапсырылды.
Трамптың сөзінше, бұл шешім ел астанасының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ең қауіпті қылмыскерлерге қатаң жаза қолдануға бағытталған. Бұған дейін ол президенттік қызметінің алғашқы күнінде өлім жазасын заң жүзінде қайта енгізген №14164 Жарлыққа қол қойған болатын. Жаңа құжат осы жарлықтың аясын кеңейтіп отыр.