Абай облысының полиция департаменті тұрғындарды әлеуметтік желілерде кең таралған алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды, деп хабарлайды
порталы.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар құқық қорғау органдары басшыларының, мемлекеттік қызметкерлердің немесе азаматтарға таныс адамдардың фотосуреттерін пайдаланып, жалған аккаунттар ашады.
Осылайша олар өздерін басшы, әріптес, дос немесе жақын таныс ретінде көрсетіп, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.
Полицияның айтуынша, алаяқтардың әрекет ету тәсілі ұқсас. Алдымен олар хат алмасу арқылы сенімге ие болады, кейін түрлі себептерді алға тартып ақша сұрайды. Көбіне «шұғыл көмек қажет», «қарызға ақша бере тұр», «төлем жасап жібер» деген мазмұндағы өтініштерді пайдаланады.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары кез келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпараттың рас-өтірігін міндетті түрде тексеруге кеңес береді. Егер таныс адамның атынан ақша сұралса, оған тікелей қоңырау шалып немесе басқа байланыс арнасы арқылы хабарласқан жөн.
Сондай-ақ полиция азаматтарға жеке деректерді, банк карталарының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуді ескертті.
Қырағылық таныту – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі. Ақпаратты бірнеше минут тексеру азаматтарды ірі шығыннан сақтап қалуы мүмкін
Тәртіп сақшылары тұрғындарды сақ болуға және күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырды.