Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтау аспанында әскери ұшақ пен дрон байқалды: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Бақытжан Мұса · · 316 қаралым
Ақтау аспанында әскери ұшақ пен дрон байқалды: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

11 тамыз күні кешкі уақытта Ақтау тұрғындары аспанда Су-27 әскери жойғыш ұшағы мен ұшқышсыз ұшу аппаратын байқады. Оқиға куәгерлері оларды бейнежазбаға түсірген, дейді Qandastar.kz сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, Су-27 жойғышы кешкі мезгілде әуеде ұшып жүрген. Сондай-ақ сол күні Ақшұқыр ауылының үстінен әуежай бағытынан Ақтауға қарай бет алған ұшқышсыз ұшу аппараты байқалған.

Бұл жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі елімізде 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтетін «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық жүріп жатқанын еске салды. Осыған байланысты Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде әскери техника, қару-жарақ және жеке құрамның жоспарлы орын ауыстыруы жүзеге асырылуда.

Әскерлер теміржол эшелондары, автокөлік колонналары және армиялық авиация арқылы жеткізілуде. Оқу-жаттығу еліміздің барлық негізгі әскери полигондарын қамтиды. Оның барысында құрлықтағы, әуе кеңістігіндегі, теңіздегі және киберкеңістіктегі әскери іс-қимылдар мен түрлі әскери құрылымдардың өзара үйлесімділігі пысықталады.

Министрліктің мәліметінше, барлық іс-шаралар жоспарлы түрде өткізіліп, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығын арттыруға және Қарулы Күштердің мүмкіндіктерін жетілдіруге бағытталған.

Осыған байланысты ведомство тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды. Сонымен қатар жалған ақпарат таратқаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp