Қазақстандық маман Тілекқабыл Айманғалиев әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі — Microsoft жобасына жұмысқа шақырту алды. Ол енді Microsoft Data Center жобасында Project Manager қызметін атқарады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданындағы Ақтау ауылынан шыққан Тілекқабыл АҚШ-тағы University of Massachusetts Amherst оқу орнында білім алып жүрген кезінде өзінің белсенділігімен көзге түскен. Университетте профессор ассистенті ретінде жұмыс істеп, академиялық ортада жоғары нәтижелер көрсетті.
Жуырда ол Engineering Management мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, оқуын 4.0 GPA көрсеткішімен аяқтады. Бұл нәтиже оны университеттің үздік түлектерінің қатарына қосты.
Тілекқабылдың кәсіби тәжірибесі де ауқымды. Ол Қазақстанда мұнай-газ саласында 12 жыл еңбек етіп, соңғы жылдары өндірісті жоспарлау және талдау инженері қызметін атқарған.
Маманның айтуынша, Microsoft-пен жасалған келісімшарт бір жылға арналған. Осы уақыт аралығында халықаралық тәжірибе жинақтап, кейін Қазақстанға оралып, елдің дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.
Бұл жетістік қазақстандық жастардың білім мен еңбектің арқасында әлемдік деңгейдегі компанияларда табысқа жете алатынын көрсетеді.