Ақтау қаласының тұрғындары ауқымды алаяқтық схемаға тап болғанын айтып, Мемлекет басшысына ұжымдық үндеу жолдады. Жәбірленушілердің мәліметінше, оқиғадан шамамен 300 отбасы зардап шеккен, олардың арасында әскери қызметкерлер де бар, дейді Qandastar.kz сайты Lada.kz порталына сілтеп.
Тұрғындардың алдын ала есебінше, келтірілген материалдық шығын 100 миллион теңгеден асады. Кейбір азаматтар баспанасынан айырылғанын, ал әскери қызметкерлердің жалақысынан өздері заңсыз деп санайтын қарыздар бойынша қаражат ұсталып жатқанын мәлімдеді.
Жәбірленушілердің айтуынша, даулы жағдай 2017 жылы жергілікті тұрғындардың бірінің ұйымдастырған алаяқтық схемасынан кейін басталған. Қазір ұжымдық өтінішке 50-ден астам адам қол қойған, қол жинау жалғасып жатыр.
Тұрғындар бұған дейін Маңғыстау облысының полициясына, прокуратураға және әділет органдарына бірнеше рет жүгінгенін айтады. Алайда олардың сөзінше, қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылып, өтініштеріне берілген жауаптар мәселені толық шешпеген.
Қазір іс полицияның қарауында. Жәбірленушілер істің объективті тергелуін және оған қатысты барлық мән-жайдың жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр.
Үндеу авторлары Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ҰҚК деңгейінде тексеру жүргізуді сұрады. Сонымен қатар олар сырттай шығарылған сот шешімдері мен жеке сот орындаушыларының әрекеттерінің заңдылығын анықтап, негізсіз қарыздарды жоюды және заңсыз алынған мүлікті қайтаруды талап етуде.