Ақтауда көрнекті педагог, ақын Фариза Оңғарсынованың ұстазы Клара Дмитриевна Зорина дүниеден өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Клара Зорина 1933 жылы дүниеге келген. Ұлты кәріс болған ардақты ұстаз ұзақ жылдар бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, бар ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған.
Ол Атырау өңірінен Ақтауға қоныс аударып, Маңғыстаудағы білім саласының қалыптасуы мен дамуына өз үлесін қосты.
Клара Дмитриевнаның шәкірттерінің бірі – қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова. Ақын өмірінің соңына дейін өзінің алғашқы ұстаздарының бірімен байланысын үзбей, оған деген құрметін сақтаған.
Ұстаздың мейірімі мен шәкірттеріне деген жанашырлығы оны талай жастың жүрегіне жақын етті. Оның жарқын бейнесі шәкірттері, әріптестері мен жақындарының жадында сақталмақ.
Ақтау қаласының әкімдігі мен қалалық мәслихат Клара Дмитриевнаның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.