Ақтауда Маржан Сұлтанғалиеваның өліміне қатысты қылмыстық іс қайта қарала бастады. Жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Қартбайдың айтуынша, қала прокуратурасы істі тоқтату туралы бұрынғы қаулыны жойған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Lada.kz порталына сілтеп хабарлады.
Прокуратура Ақтау қалалық полиция басқармасы жүргізген тергеудің жеткіліксіз болғанын ескеріп, істі жан-жақты әрі толық зерттеу үшін қосымша тапсырмалар берген.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні Ақтаудағы пәтерлердің бірінен жас қыздың мәйіті табылған. Полиция бұл жағдайды бастапқыда суицид деп бағалаған. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді.
Іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни өзін-өзі өлтіруге жеткізу дерегімен тіркелген. Туыстарының айтуынша, тергеу барысында бірқатар маңызды жайттар толық тексерілмеген. Атап айтқанда, марқұмның психоэмоциялық жағдайына тиісті сараптама жасалмаған, кейбір процессуалдық әрекеттер уақытында рәсімделмеген, ал жәбірленуші тараптың дәлелдері толық ескерілмеген.