Ақтау тұрғындары жаздың соңына дейін ыстық сусыз қалатын болды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қалада ыстық су 27 маусымнан бері берілмей келеді. Бұған дейін "МАЭК" ЖШС магистральдық жылу құбырлары мен тарату желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.
Алғашында ыстық суды 12 шілдеде қайта қосу жоспарланған. Кейін бұл мерзім 1 тамызға дейін шегерілген болатын. Енді кәсіпорын жөндеу жұмыстарының жалғасуына байланысты ыстық су тек тамыз айының соңында берілетінін хабарлады.
Компанияның мәліметінше, магистральдық құбырларда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ғана ыстық сумен жабдықтау қалпына келтіріледі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтауда күндізгі ауа температурасы 30 градустан төмен түспей тұр.