Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтөбе облысында ақбөкен төлдеріне GPS сенсорлары орнатылды

Бақытжан Мұса · · 144 қаралым
Ақтөбе облысында ақбөкен төлдеріне GPS сенсорлары орнатылды

Ақтөбе облысында жаңа туған ақбөкен төлдеріне GPS сенсорлары бар арнайы белгілер тағылды. Бұл туралы Stan.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.

Мамандар ақбөкендердің көшу бағытын бақылау үшін екі түрлі белгіні қолданады. Қарапайым белгілер аталықтарына орнатылса, GPS сенсорлары бар құрылғылар аналықтарына тағылады.

Мамандардың айтуынша, сенсор күн энергиясымен жұмыс істейді және жануарлардың миграциясын үш жыл бойы бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғының салмағы небәрі 32 грамм, ал орналасқан жері туралы мәлімет күніне төрт рет жіберіліп отырады.

“Табиғи орта” Батыс Қазақстан аймақтық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының директоры Айбат Мұзбай жуырда белгі тағылған ақбөкен төлі алғаш табылған жерден 7 шақырым қашықтықта байқалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл төлдердің белсенділігі артып, аналарының соңынан еріп жүргенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта Зоология институтының қызметкерлері Мұғалжар, Байғанин және Шалқар аудандары түйісетін аумақта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал “Охотзоопром” мамандары төлдеу кезеңінде жануарларды қорғауды қамтамасыз етуде.

Бөлісу: Telegram WhatsApp