Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында төтенше жағдай жарияланды

Малика Хамит · · 359 қаралым
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының Байғанин ауданында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы облыс әкімдігі мәлімдеді.

Төтенше жағдайға қатты екпінді жел себеп болған. Аудан орталығында байланыс мұнарасы жеке тұрған бірқабатты дүкеннің шатырына құлап, салдарынан үш адам зардап шекті. Олардың барлығына аудандық ауруханада қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов барып, бүлінген нысандарды аралап, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта авариялық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ ауданда төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда бүлінген нысандардың тізімін жасау, келтірілген шығын көлемін анықтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты мекемелердің жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды.

Облыс әкімдігі жағдайдың облыс әкімінің жеке бақылауында екенін хабарлады. Арнайы комиссия құрылып, табиғи апат салдарын жою жұмыстары басталды. Зардап шеккен тұрғындарға заң талаптарына сәйкес қажетті көмек көрсетілетіні айтылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp