Ақтөбе облысында 15 жастағы қызға қатысты жасалған ауыр қылмыс бойынша 22 жастағы көршісі күдікті ретінде ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Бұл туралы Qandastar.kz порталы EGOV.PRESS Telegram арнасына сілтеп хабарлады.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін қыз ауыр психологиялық күйзеліске түскен. Ол біраз уақыт ауылға барып, жақындарының қолдауына мұқтаж болған.
Әлеуметтік желілерде күдіктінің туыстары жәбірленуші тараппен келісімге келуге әрекет жасағаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметке құқық қорғау органдары түсініктеме берген жоқ.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті қамауға алынған, ал тергеу барысында істің барлық мән-жайы жан-жақты анықталуда.
Сондай-ақ полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын жариялау заңмен жауапкершілікке әкелетінін ескертті.