Ақтөбеде өз анасын өлтірді деген айып тағылған жасөспірімге бірнеше айға созылған психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша «шизофрения» диагнозы қойылды. Осыған байланысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жақын арада аяқталуы мүмкін. Бұл туралы
сайты
арнасына сілтеп хабарлады.
Қазіргі уақытта сотталушы сот отырыстарына қатыспайды. Ол Талғар қаласындағы психиатриялық ауруханада ем қабылдап жатыр.
Қайғылы оқиға өткен жылдың соңында, Жаңа жыл қарсаңында болған. Тергеу мәліметінше, 16 жастағы жасөспірім 41 жастағы анасын пышақтап өлтірген. Оны тоқтатуға тырысқан әжесі де бірнеше жерінен жарақат алған. Бүгінде сотта әжесі жалғыз жәбірленуші ретінде танылған.
Марқұмның туыстары мен жақындары жасөспірімнің мұндай қадамға барады деп күтпегенін айтады. Себебі ол мектепте жақсы оқып, түрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған.
Әжесінің айтуынша, немересінің мінез-құлқында соңғы уақытта өзгерістер байқалғанымен, отбасы оны жасөспірімдік кезеңнің әсері деп қабылдаған. Сараптама нәтижесінде психикалық ауру анықталғандықтан, сот оған бас бостандығынан айыру жазасының орнына мәжбүрлі медициналық ем тағайындауы мүмкін.
Іс бойынша соңғы шешім келесі сот отырысында шығарылады.
Жарақат алған әжесі немересі туралы ауыр сөз айтқысы келмейтінін жеткізді.
Мінезі өте жақсы болатын, ешкімге зияны тимейтін. Бірде-бір ата-ана шағымданып келген емес. Үйде көмектесіп, ас әзірлеп, ыдыс жуатын. Обал болды, оған қатты жаным ашиды