Мазмұнға өту
qandastar.

Ақтөбеде мейрамханаға барған 100-ден астам адам ауруханаға түсті

Малика Хамит · · 23 қаралым
Ақтөбеде мейрамханаға барған 100-ден астам адам ауруханаға түсті

Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында мейрамханаға барған 100-ден астам адам астан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 19 маусымнан бері аудандық аурухана мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына барлығы 102 науқас жатқызылған. Оның 34-інде сальмонеллез болуы мүмкін деген күдік тіркелген.

Оқиғаға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне шұғыл хабарлама жолданып, зертханалық тексеру үшін қажетті сынамалар алынған. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайы орташа ауыр. Барлығына қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Жағдайды бақылау үшін арнайы жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілген. Ауруханаларда төсек-орын мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екені айтылды.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған науқастардың аурухана дәліздерінде жатқандығы туралы ақпаратты денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды.

Қазір науқастармен байланыста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынуда. Мамандар жаппай уланудың себептерін анықтап жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp