Ақтөбе қаласында TikTok әлеуметтік желісінде қоғамдық әдеп нормаларын бұзатын бейнежазба жариялаған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Полиция қызметкерлері мониторинг барысында балағат сөздер қолданылған бейнематериалды анықтап, тексеру нәтижесінде оның авторы 32 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны Мөлдір Әуезова екені белгілі болды.
Жинақталған материалдар негізінде әйелдің әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларына қатысты ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны анықталды.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен тұрғынға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
Полиция әлеуметтік желілердің де қоғамдық кеңістіктің бір бөлігі екенін еске салып, ондағы жарияланымдар мен пайдаланушылардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы толық көлемде қолданылатынын атап өтті.