Ақтөбеде шетелге саяхат ұйымдастыру қызметін ұсынған адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілерде шетелдік турларды ұйымдастыру туралы жарнамалар жариялаған. Ол азаматтарға туристік қызмет көрсететінін айтып, тур пакеттерін, әуе билеттерін және қонақүй орындарын брондау үшін алдын ала төлем алған.
Алайда ақша алғаннан кейін уәделерін орындамаған. Сапарлар ұйымдастырылмай, азаматтардың қаражаты күдіктінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Соның салдарынан жәбірленушілерге елеулі материалдық шығын келген.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.