Словакияда өткен жастар арасындағы күрестен әлем чемпионатында (U20) алтын медаль жеңіп алған Қазыбек Қалмағамбетов Ақтөбеге оралды, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған Qandastar.kz.
19 жастағы спортшыны Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда ата-анасы, жақындары мен жүздеген жерлесі күтіп алды.
Қарсы алу рәсімінде облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйлеп, жас балуанды тарихи жетістігімен құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі Асхат Шахаровтың ұсынысымен чемпионға автокөліктің кілті табысталды.
Фото: Қала әкімдігі
Қазыбек Қалмағамбетов Ақтөбе облысының спорт тарихында грек-рим күресінен U20 санатында әлем чемпионы атанған алғашқы балуан болды.
Әлем біріншілігінде ол 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Финалдық белдесуде қазақстандық балуан Беларусь өкілі Михаил Марковскиймен кездесіп, қарсыласын 13:7 есебімен жеңді.