Алатау қаласының тұрғындары ерекше әуе кемесін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде қызу талқыға ұшырады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Кадрларда аспанда ұшып бара жатқан бұрын-соңды көпшілік көрмеген аппарат байқалады.
Желі қолданушылары түрлі болжам айтып үлгерді. Бірі оны жаңа буындағы дрон десе, енді бірі жол ережесін бақылайтын әуе жүйесі немесе болашақтағы әуе таксиі болуы мүмкін екенін жазған.
Оқиғаға қатысты Алатау қаласының әкімдігі ресми түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, видеоға түсірілген аппарат — AutoFlight компаниясының электрлі тік көтеріліп-қонатын eVTOL әуе аппараты.
Белгілі болғандай, қазір Алатауда 2026 жылдың 19 мамырына жоспарланған Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы демонстрациялық ұшуға дайындық жүріп жатыр. Соған байланысты қалада сынақ рейстері өткізілуде.
Жоба аясында мамандар:
— жаңа буындағы жолаушылар әуе көлігін;
— ұшқышсыз жүк жеткізу жүйелерін;
— қалалық әуе қозғалысын басқару технологияларын сынақтан өткізіп жатыр.
Бастамаға Оңтүстік Корея, Италия және Қытайдан халықаралық серіктестер қатысуда. Ал демонстрациялық ұшуларды қазақстандық Alatau Advance Air Group компаниясы мемлекеттік органдармен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Әкімдік барлық ұшулар қауіпсіздік талаптарына сай және уәкілетті органдардың рұқсатымен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба Алатауды жоғары технологиялы әрі экологиялық инновациялық қала ретінде дамыту тұжырымдамасының бір бөлігі саналады. Сонымен қатар Urban Air Mobility жобасы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр.
[video width="576" height="1024" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/05/c58430cf7fe9f9a81c6b8db5e36b68d1.mp4"][/video]