Мазмұнға өту
qandastar.

Алаяқтар eGov қызметкері болып қоңырау шалып жүр

Малика Хамит · · 414 қаралым
Алаяқтар eGov қызметкері болып қоңырау шалып жүр

Қазақстанда интернет-алаяқтар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің атын жамылып, азаматтарды алдай бастаған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы Бас прокуратура ескертті.

Қаскөйлер телефон арқылы хабарласып, өздерін eGov қызметкері ретінде таныстырады. Әдетте олар азаматтың атына электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделгенін немесе оның атынан қандай да бір күмәнді әрекет жасалғанын айтады.

Осыдан кейін іске «екінші» алаяқтар қосылады. Олар жәбірленушіге атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, ақшаны сақтап қалу үшін оны арнайы шотқа аударуды ұсынады.

Мұндай схемаға Тараз тұрғыны да тап болған. Алдымен оған белгісіз адам қоңырау шалып, өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған. Кейін WhatsApp арқылы басқа адамдар байланысып, әйелдің атына жеті банктен несие рәсімделгенін айтқан.

Алаяқтарға сенген әйел олардың нұсқауымен 2 млн теңгеден астам ақшаны бөгде шоттарға аударған.

Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы бір айда eGov қызметкері болып қоңырау шалған алаяқтарға қатысты 30-ға жуық жағдай тіркелген.

Маңыздысы: мемлекеттік орган немесе банк қызметкері телефон арқылы «қауіпсіз шотқа» ақша аударуды талап етпейді.

Сондықтан бейтаныс адамға SMS-кодты, парольді, банк картасының немесе ЭЦҚ деректерін айтпаңыз. Күдікті қоңырау болса, әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан дұрыс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp