Мазмұнға өту
qandastar.

Алаяқтық қарызы кешірілген қазақстандықтар ЖТС төлеуден босатылуы мүмкін

Бақытжан Мұса · · 759 қаралым
Алаяқтық қарызы кешірілген қазақстандықтар ЖТС төлеуден босатылуы мүмкін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, азаматтардың үмітсіз несиелері, оның ішінде алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздары кешірілген кезде оларды жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден толық босатуды ұсынды. Бұл туралы Qandastar.kz премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Мәселе премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-ші отырысында қаралды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, есептен шығарылған қарыз азаматтың табысы ретінде есептеледі. Осыған байланысты қарыз алушыға ЖТС төлеу міндеті туындауы мүмкін. Ал салықтан босату қазіргі Салық кодексінің 368-бабында тек белгілі бір жағдайларға қатысты қарастырылған.

Серік Жұманғарин банктердің коммерциялық тәуекелдерін азаматтардың өмірлік қиын жағдайларынан ажырату қажет екенін айтты. Оның пікірінше, адамның еркінен тыс қалыптасқан және несие төлеу мүмкіндігінен объективті түрде айырылған жағдайларда қарыз алушыға салықтық жеңілдік берілуі керек.

Вице-премьердің айтуынша, алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендер мен шын мәнінде қиын жағдайға тап болған азаматтар қарызы кешірілген кезде ЖТС төлеуден толық босатылуы тиіс. Ал банктің коммерциялық несиені өз балансын оңтайландыру мақсатында есептен шығаруы басқа тәртіппен қаралуы қажет.

Отырыста банктерді қарыз алушыларды сауықтыру және берешекті өндіріп алу тетіктерін белсенді пайдалануға ынталандыру мәселесі де сөз болды.

Жиын қорытындысында уәкілетті мемлекеттік органдарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті есептеулер жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар «өмірлік қиын жағдай» ұғымына кіретін жағдайлардың нақты тізімін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылды. Олардың қатарында мүгедектік, еңбекке қабілеттіліктен айырылу, мүлік пен тұрақты табыстың болмауы сияқты жағдайлар бар.

Келесі отырыста осы мәселе бойынша келісілген ұстаным ұсынылуы тиіс.

Бөлісу: Telegram WhatsApp