Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы кезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында әлеуметтік көмек көрсету, экологиялық мәдениетті арттыру, жол сапасын жақсарту және урбанистика саласындағы тәжірибені кеңейту мәселелері қаралды.
Басты назар әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға аударылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қолдауды атаулы ету үшін екі кезеңнен тұратын жұмыс жүргізіледі. Бірінші кезеңде қолданыстағы 36 төлемнің 14 түрі бойынша атаулы көмек көрсетуге қажетті нормативтік база әзірленеді.
Екінші кезеңде әкімдіктер беретін әлеуметтік көмектің 13 түрін азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай төрт санатқа біріктіру жоспарланып отыр. Ал 2027 жылдан бастап ардагерлерге де мемлекеттік қолдауды мұқтаждық қағидаты бойынша атаулы түрде көрсету ұсынылды.
Сонымен қатар бала күтіміне байланысты ер адамдарға демалыс беру мүмкіндігі, балабақшадағы орын санын көбейту және кішкентай балаларға күтуші тапшылығын азайту мәселелері қаралды. Әйелдерге бала күтімі кезеңіндегі қолдау тетіктерін алдағы екі жылда жетілдіру ұсынылды.
Мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету саласында да цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. Жасанды интеллект көмегімен медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік рәсімделген 167 жағдай анықталған. Бұл фактілер құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұдан бөлек, әртүрлі адамдардың деректерінен бірдей мәліметтер кездесетін 18 647 жағдай анықталған.
Әлеуметтік төлемдерге қатысты өзгерістер туралы халыққа ақпарат беру де күшейтіледі. 1 қазаннан бастап азаматтарға хабарламалар SMS арқылы, eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшалары арқылы кезең-кезеңімен жіберіле бастайды.
Жаңа ұсыныстар бойынша заңнамалық түзетулер әзірленіп, Құрылтайдың қарауына ұсынылады.
Премьер-министр Еңбек министрлігі мен өңір әкімдеріне әлеуметтік көмек пен жәрдемақыларды нақты мұқтаж азаматтарға атаулы түрде ұсыну жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.