Мазмұнға өту
qandastar.

Әлеуметтік көмекке мұқтаж емес: Қазақстанда 200-ден астам адам төлемнен бас тартты

Малика Хамит 15 қаралым
Әлеуметтік көмекке мұқтаж емес: Қазақстанда 200-ден астам адам төлемнен бас тартты

Қазақстанда 200-ден астам азамат мемлекеттік әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, төлемдерден өз еркімен бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Енді мұндай азаматтар жәрдемақы алудан eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн бас тарта алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, SMS-хабарламалар жіберілгеннен кейін 200-ден астам адам әлеуметтік көмектен бас тартуға ниетті екенін білдірген. Осыған байланысты министрлік eGov Mobile қосымшасына ерікті түрде бас тарту сервисін енгізу жобасын таныстырды. Жаңа қызмет іске қосылғанда азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, төлем алудан онлайн бас тарта алады.

Сонымен қатар, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылған отбасылардың жағдайын қайта тексеріп жатыр. Бұл олардың нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтап, мемлекеттік қолдау алушыларды тиісті санаттарға дұрыс бөлуді көздейді.

Премьер-министр әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Атап айтқанда, отбасының әл-ауқатын автоматты түрде есептейтін калькуляторды азаматтарға ыңғайлы ету және екінші деңгейлі банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосу жұмыстарын жеделдету қажет.

Бұдан бөлек, әлеуметтік көмек көрсету жүйесі де қайта қаралды. Бұрын қолданыста болған 66 қолдау шарасының 38-і оңтайландырылып, қалған 28 шара бірыңғай талаптары бар 13 негізгі бағытқа біріктірілді. Бұл бір көмектің қайталанып төленуіне жол бермей, бюджет қаражатының ашық бөлінуіне мүмкіндік береді.

Биыл маусымнан бері Бірыңғай цифрлық платформа арқылы әлеуметтік қолдау алуға 55 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта өтініштерді қарау және көмек тағайындау жүйесі «Отбасының цифрлық картасымен» біріктіріліп жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp