Қазақстанда әлеуметтік желіде балағат сөз жазып, өзгелердің ар-намысына тиетін пікір қалдырғандарға жаза күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Енді мұндай әрекеттер де ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерге сәйкес, жауапкершілік тек қоғамдық орындарда емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда жасалған құқық бұзушылықтарға да қолданылады.
Қолданыстағы заңнамада ұсақ бұзақылық үшін мынадай жаза қарастырылған:
- 20 АЕК (2026 жылы – 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл;
- 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту;
- 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу.
Ал осы құқық бұзушылық үшін жаза алған адам бір жыл ішінде әрекетін қайталаса, жауапкершілік күшейеді. Мұндай жағдайда 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 15-тен 30 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.
Бұдан бөлек, заң жобасында адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқандарға да талап қойылады. Олар жалған ақпаратты тек басқа жерде ғана емес, оны жариялаған әлеуметтік желіде де теріске шығаруға міндеттелуі мүмкін.
Айта кетейік, бұл өзгерістерді Құрылтай депутаттары бүгін бірінші оқылымда мақұлдады. Демек, заң жобасы әлі де талқылау кезеңінде.