Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға байланысты Түркістан облысында қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернет кеңістігін мониторингілеу барысында өңірдің 66 жастағы тұрғыны жариялаған видеодан діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері байқалған.
Осы дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда.
Ведомство Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың жынысына, шыққан тегіне, әлеуметтік жағдайына, діни ұстанымына және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан тең құқықтарға ие екені бекітілгенін еске салды. Сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, қоғамда алауыздық тудыруға немесе белгілі бір топты кемсітуге бағытталған жария мәлімдемелер заңмен жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені атап өтілді.
ІІМ өкілдері сөз бостандығы әр азаматқа берілген құқық болғанымен, ол заң талаптарын сақтауды жоққа шығармайтынын жеткізді. Сондықтан құқық бұзушылық белгілері бар кез келген жария ақпаратқа міндетті түрде құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.