Алматыда әлеуметтік желідегі белгісіз тұлғалардың ықпалына түскен оқушы мектепке балта әкеліп, шабуыл жасамақ болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полицияның мәліметінше, жасөспірім оқу орнында заңға қайшы әрекет жасауды жоспарлаған.
Алайда құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында оқиғаның алды алынды.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл мектеп оқушысы 6-сыныпта оқиды.
Ата-аналар арасында тараған хабарламада оның Telegram чаттарының бірінде белгісіз адамдардан тапсырма алғаны айтылған. Сол себепті ата-аналарға балалардың әлеуметтік желідегі жазбаларына назар аудару ұсынылды.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл деректі растады.
Ведомствоның хабарлауынша, кәмелетке толмаған жасөспірім әлеуметтік желі арқылы алынған нұсқаулардың ықпалымен әрекет еткен.
Қазір оқиғаға байланысты Жетісу аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеушілер жасөспірімге ықпал етуі мүмкін адамдарды да анықтауда.
Сонымен қатар, баланың заңды өкілдеріне қатысты ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамау фактісі бойынша да тергеу басталған.