Алматы әуежайында мас күйдегі Канада азаматы жауапқа тартылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Көліктегі полицияның мәліметінше, ер адам әуежайдың екінші қабатында, анықтама бюросы маңында қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол айналасындағыларға балағат сөздер айтып, әйнек витринаны ұрып жіберген. Салдарынан шыны сынып, әуежай қызметкерлерінің жанына құлаған.
Тәртіп бұзған азаматтың 32 жастағы Канада азаматы екені анықталды. Ол Қазақстан аумағында тұрады. Полиция оны қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот шешімімен ер адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 129 750 теңге айыппұл салынды.