Алматы халықаралық әуежайында адам өліміне әкелген қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, көз жұмған азамат әуежайда жұмыс істеген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Көліктегі полиция департаменті адам өліміне қатысты ақпаратты растады.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. Іс адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша тіркелген.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Әзірге марқұмның қандай жағдайда көз жұмғаны және оқиғаның нақты қалай болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша мәлімет беріледі деп күтілуде.