Бүгін Алматыда және Қазақстанның тағы төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады. Осыған байланысты тұрғындарға далада ұзақ уақыт жүрмеу ұсынылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК ресми сайтында жарияланған ескертуде айтылған.
Мамандардың мәліметінше, 19 тамызда Алматы қаласында, ал түнгі уақытта Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Көкшетау қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды және ластаушы заттар жиналуы мүмкін. Бұған желдің болмауы немесе әлсіз соғуы, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлар әсер етеді.
Осы кезеңде тұрғындарға, әсіресе автожолдар мен ауаны ластайтын нысандарға жақын жерде ұзақ уақыт болмауға кеңес беріледі. Ал өкпенің созылмалы, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені жөн.
Айта кетейік, 18 тамызда қолайсыз метеорологиялық жағдай күндіз Алматыда, ал түнде Атырау қаласында болады деп болжанған еді.