Алматы метросында таңертең жолаушылардың қозғалысы уақытша шектелді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Бұған «Райымбек» станциясында жарылғыш құрылғы бар деген хабарлама себеп болған.
Әлеуметтік желіде қала тұрғындары таңғы уақытта метроға кіре алмағанын жазып, оқиғаның мән-жайын талқылады.
Полицияның мәліметінше, станцияға келген әйел метро қызметкерлеріне жарылғыш зат бар екенін айтқан. Осыдан кейін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді. Алайда станциядан жарылғыш құрылғы да, күдік тудыратын басқа заттар да табылмаған.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, әйелдің психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталған.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Полиция метроның қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында.