Мазмұнға өту
qandastar.

Алматы облысында 2,6 млрд теңге субсидияға қатысты алаяқтық ісі анықталды

Бақытжан Мұса · · 170 қаралым
Алматы облысында 2,6 млрд теңге субсидияға қатысты алаяқтық ісі анықталды

Алматы облысында элиталық таңқурай көшеттерін сатып алу жобасы бойынша бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған. Бұл туралы тергеу деректеріне сілтеме жасап Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, схема Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутатының ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы байланыстары мен субсидия алу тетіктерін пайдаланып, жалған құжаттар арқылы қаржы иемдену жүйесін құрған.

Жобаны іске асыру үшін Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы тартылған. Уәкілетті органдарға элиталық таңқурай көшеттері сатып алынып, өнеркәсіптік алқаптар егілді деген жалған құжаттар ұсынылған. Атап айтқанда, сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері және электрондық шот-фактуралар рәсімделген.

Алайда тергеу барысында құжатта көрсетілген көлемде көшеттердің іс жүзінде жеткізілмегені, ал кейбір шаруашылықтардың мұндай көлемде өндіріс жүргізуге мүмкіндігі болмағаны анықталған.

Соның салдарынан мемлекеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз алынған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сәйкес, жымқырылған қаражаттың 491 млн теңгесі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Бұл мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, бағалы қағаздар сатып алынған.

Тағы 400 млн теңге микроқаржы ұйымына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар 170 млн теңге Қонаев қаласындағы казиноға жұмсалғаны хабарланды.

Сот шешімімен күдіктілердің бірқатар мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынған. Үш адамға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іс сотқа жолданды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp