Мазмұнға өту
qandastar.

Алматы облысында екі ағайынды бала 32 магнит жұтып қойған

Малика Хамит
Алматы облысында екі ағайынды бала 32 магнит жұтып қойған

Алматы облысында екі ағайынды бала ойыншық магниттерін жұтып қойып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Дәрігерлер 4 және 7 жастағы балаларға шұғыл ота жасап, олардың ағзасынан барлығы 32 магнитті алып шықты.

Оқиға балалардың үйде ойнап жүрген кезінде болған. 4 және 7 жастағы ағайындының іші қатты ауырып, мазасызданған соң ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген балаларды тексеру барысында асқазан-ішек жолдарынан бөгде заттар анықталды.

Тексеру нәтижесінде 4 жастағы баланың асқазаны мен аш ішегіне магниттердің көп бөлігі түсіп кеткені белгілі болды. Дәрігерлер оның асқазанынан 15, ал аш ішегінен 14 магнит алып шықты. Ота кезінде мамандар баланың ішегінен анықталған туа біткен қалта тәрізді өсіндіні – Меккель дивертикулын да алып тастады. Осылайша, кішкентай баланың ағзасынан 29 магнит шығарылды.

Ал 7 жастағы баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған тағы үш магнит табылды. Хирургтер лапароскопиялық әдісті қолданып, ішекті тікелей кеспей-ақ бөгде заттарды алып шықты. Бұл тәсіл операциялық жарақатты азайтып, баланың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді.

Аурухана хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді жұтқаннан кейін шамамен бес сағаттан соң медициналық мекемеге жеткізілген. Ата-анасының дер кезінде көмекке жүгінуі ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берген.

Дәрігер магнитті бірнешеуін қатар жұту өте қауіпті екенін ескертеді. Өйткені олар ішектің әртүрлі бөлігінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішек қабырғаларын қысып қалуы мүмкін. Мұның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек зақымдануы немесе тіпті тесіліп кетуі ықтимал.

Екі баланың да жағдайы тұрақталып, қосымша тексеру кезінде ағзаларында басқа магнит қалмағаны анықталды. Дәрігерлердің көмегімен ағайынды балалар тоғыз күннен кейін ауруханадан үйлеріне шығарылды.

Мамандар ата-аналарға магнитті конструкторлар мен ұсақ бөлшектері бар ойыншықтарды кішкентай балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауды ескертеді. Егер бала магнит немесе басқа бөгде зат жұтып қойды деген күдік болса, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Белгілердің пайда болуын күтпеген жөн.

Бөлісу: Telegram WhatsApp