Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Үлкен Алматы каналы бойындағы пайдаланылмайтын автокөлік көпірін су шайып кетті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа көпірдің құрылысы 2026 жылғы 10 шілдеде басталады.
Әкімдік табиғи апат салдарынан өңірдегі көпірлердің техникалық жағдайы күрделене түскенін хабарлады.
Осыған байланысты Талғар және Түрген өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңғырту жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Жобаға сәйкес, Талғар өзені арқылы өтетін көпірді қайта салуға 1,4 млрд теңгеден астам, ал Түрген өзеніндегі көпірге 674,5 млн теңге жұмсалады. Құрылыс жұмыстары тиісінше 6 және 5 айға жоспарланған.
Биыл аталған жобаларды іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары анықталып, олармен келісімшарт жасау рәсімі жүргізіліп жатыр.
Әкімдік мердігерлермен келісімдер аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, көпірлерді қайта жаңғырту жұмыстары осы жылдың үшінші тоқсанында қолға алынатынын мәлімдеді.