Алматы облысында полиция қызметкерінің қаза болуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмаған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Бұл туралы олардың қорғаушылары мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Адвокаттар Гауһар Сарыева мен Динара Шәмшекованың айтуынша, Кеген аудандық сотының тергеу судьясы күдіктілерді тергеу изоляторына қамау туралы өтінішті қанағаттандырмай, оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған.
Қорғаушылардың мәліметінше, жақын күндері жасөспірімдерге электронды бақылау білезігі тағылып, тұрғылықты жеріне бейнебақылау құралдары орнатылады.
Адвокаттар сот отырысында қорғау тарабы тергеу барысында жан-жақты тексерілуі тиіс бірқатар мән-жайларға назар аударғанын жеткізді.
Еске салайық, 23 маусымда Алматы облысының Кеген ауданында өртенген ер адамның мәйіті табылып, кейін оның полиция қызметкері екені анықталған.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде марқұмның жұбайы, ұлы және басқа да күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.