Алматы облысының Боралдай кентінде суши өнімдерінен уланған 19 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, зардап шеккендер «Алатау» базары аумағында орналасқан Sushi Time қоғамдық тамақтану орнынан тағам сатып алған.
Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмысқа кірісті.
Қазір Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар зертханалық сараптама үшін тағам өнімдерінен сынамалар алып, қажетті материалдарды құзырлы органдарға жолдаған.
Тексеру аяқталғанға дейін қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
Мамандардың айтуынша, уланудың нақты себебі зертханалық зерттеулер мен тексеру нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.