Мазмұнға өту
qandastar.

Алматы облысындағы полиция өлімі: күдікті балалары үйқамақта болады

Малика Хамит · · 589 қаралым
Алматы облысындағы полиция өлімі: күдікті балалары үйқамақта болады

Алматы облысында полицейдің өліміне қатысты тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген жасөспірімдер сот шешімімен үйқамаққа алынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Белгілі болғандай, кәмелетке толмағандарға қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін электронды білезіктер тағылып, олардың тұрғылықты жеріне бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Бұлтартпау шарасы тергеу аяқталғанға дейін күшінде болады.

Бұл туралы жасөспірімдердің қорғаушысы Гауһар Сарыева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Ол сот отырысы барысында балалардың өмір сүрген отбасылық ортасына ерекше назар аударылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қорғау тарапы тергеу барысында отбасында ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынас болған-болмағанын жан-жақты зерттеу қажет екенін көтерген.

Адвокаттың сөзінше, балалар тек қайғылы оқиғаның куәгерлері ғана емес, өздері де зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін. Ол бұл жайттардың қандай да бір әрекетті ақтау мақсатында емес, оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін қарастырылуы қажет екенін атап өтті.

Еске салайық, өткен аптада Алматы облысында өртенген күйде полиция офицері Аслан Әлсеровтің денесі табылған болатын. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу: Telegram WhatsApp