Алматыдағы Көкжайлау шатқалында туристік топтан қалып қойған шетелдік студентті құтқарушылар түнгі уақытта тауып, қауіпсіз жерге жеткізді, дейді Qandastar.kz сайты.
Оқиға Бостандық ауданындағы таулы аумақта болған. Таудан түсіп келе жатқан туристердің бірі топтан бөлініп қалып, кейін байланысқа шықпай қалған. Оның телефоны байланыс аймағынан тыс жерде болғаны анықталған.
Хабарлама түскеннен кейін ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары іздестіру жұмыстарына кірісті. Құтқарушылар түнгі уақытта және көріну деңгейі төмен жағдайда таулы аймақты мұқият тексерген.
Нәтижесінде Көкжайлау шатқалының төменгі бөлігінен Иран азаматы, студент табылды. Ол тау беткейінде ұйықтап жатқан күйде болған.
Тексеру барысында жас жігіттің медициналық көмекке мұқтаж еместігі анықталды. Кейін құтқарушылар оны қауіпсіз жерге шығарып, таудан аман-есен түсірді.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тауға шықпас бұрын бағыттары мен жорық уақыты туралы жақындарына алдын ала хабарлап отыруды ескертті.