«Қазгидромет» РМК мәліметінше, алдағы нөсер жауын-шашынға байланысты Алматының таулы аймақтарында сел жүру қаупі бар. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазселденқорғау» қызметі және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Қауіпті аумақтар тұрақты бақылауда. Сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізіліп, құтқару қызметтері кез келген жағдайға дайын тұр.
Тұрғындарды уақытылы ақпараттандыру үшін Наурызбай ауданында жергілікті құлақтандыру жүйесі іске қосылды. Мамандар халықты тек ресми дереккөздерге сенуге және қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
ТЖМ ауа райы тұрақталғанға дейін Іле Алатауы аумағына тауға шығуды және демалысқа баруды уақытша тоқтатуды ұсынады.
Құтқарушылар таулы жерде жүрген азаматтарға өзен арналарына, сел жүруі мүмкін сайларға және қауіпті учаскелерге жақындамауды ескертеді. Сел өте жылдам пайда болуы мүмкін, сондықтан қауіп байқалған жағдайда қауіпті аймақтан алдын ала кеткен жөн.