Алматыда 12 жастағы балаға жасалған пышақты шабуыл қайғылы аяқталды. Ауыр жарақат алған жасөспірім ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, бала бірнеше жерден пышақ жарақатын алған.
Алматы қалалық полиция департаменті қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 13 жастағы жасөспірімнің ұсталғанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, күдікті мен марқұм бір-бірін бұрыннан таныған. Тергеудің бастапқы нұсқасы бойынша, қайғылы жағдай кәмелетке толмағандар арасындағы жанжалдан туындаған.
Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылды. Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар тергеу нәтижесіне сәйкес, күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі де қарастырылуы мүмкін.